Дүйсенбі, Қаңтар 25Веб-сайт для рекламы
Калькулятор расчета пеноблоков смотрите на этом ресурсе
Все о каркасном доме можно найти здесь http://stroidom-shop.ru
Как снять комнату в коммунальной квартире смотрите тут comintour.net Самое современное лечение грыж

«Ауылым» әнінің авторы Жабайыл Бейсенов 85 жасқа толды

Танымал әннің сөзі 1972 жылы жазылған.

Жабайыл Бейсенов, ақын
Жабайыл Бейсенов, ақын

Көпшілікке танымал «Ауылым» әнінің авторы, ақын, сазгер Жабайыл Бейсенов 85 жасқа толды. Ақынның сөзіне жазылған ән бүгінде ауылын сағынған әр азаматтың әнұранына айналған.

«Ауылым» әнінің сөзін Жабайыл Бейсенов, әнін Теміржан Базарбаев жазған. Ақын Жабайыл Алакөлдің шығыс жағында тұрса, әнін жазған Теміржан Базарбаев көлдің Алматы облысына қарасты жағында туған.

«Мен өзім арғы беттен (Қытай – авт.) 1962 жылы келгенмін. Жас кезімде Қазақстанды аңсап, сағынып жүретінмін. Менің ғана емес, көп қазақтың өмірі тікелей ауылмен байланысты. Ауылдың сары қымызын ішіп, жусанын иіскегенге, таза ауасын жұтқанға не жетсін?! Ауылға деген сағынышымды әнмен жеткізгім келді. Менің ауыл туралы басқа да өлеңдерім бар. Ауылда тудым, ауылда өстім, бүкіл ғұмырым ауылмен байланысты. Ауылды жақсы көретінім сонша, Алматыдан басқа қалаға барып көрмеппін. Жазда Алакөлімнің жағасына барып демаламын. Қазір Үржар ауылындағы ұлымның қолында тұрып жатырмын», – деді Жабайыл ақсақал.

«Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім ауылым» деген танымал әннің сөзін ақын 1972 жылы жазыпты. Кейін өлеңге ән жазылып, ол халыққа бір жылдан кейін жол тартқан екен. Ауылдан шықпайтын ақын Жабайыл Бейсенов 34 жыл мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген.

 

Жабайыл Бейсенов 1935 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты (Қытай) Тарбағатай аймағы Толы ауданы Жайыр тауының етегінде дүниеге келген. Жайыртаудан шыққан жеті ақынның бірі. Оның «Ауыл әуендері», «Алтын бесік ауылым», «Алакөлім аяулым», «Күнгейім менің», «Балалық қызық, бал күндер», «Тасадағы тұма», «Жырлайды жылдар» сынды 8 кітабы жарық көрген. «Ауылым», «Қайран дәм», «Күндер-күндер», «Үржар вальсі», «Достық толғауы», «Үржарым – құтты мекенім» сынды жұртқа танымал 10-нан астам әннің мәтінін жазған.

«85 жылдығыма орай ауданның мәдениет үйінде шығармашылық кешім өтті. Жастар өлеңімді оқыды. Шырғармаларымның халыққа жеткеніне шүкіршілік етемін. 16 немере, 7 шөберем бар. Жас кезімде Қытайда көп қиындық көрдім. «Ауылым» әнінің сөзін бірден жазып тастадым, соған қарағанда іштей толғанып жүрген болуым керек. Кітаптарымның шығуы да, өлеңдерімді жастардың еркін айтып, ауыл кештерінде шырқап жүргеніне шүкіршілік. Бәрі де Тәуелсіздіктің арқасы. Ауылда да, ауданда халқым тыныш өмір сүріп жатыр. Ел аман болсын», – деді ақын Жабайыл Бейсенов.

Жабайыл Бейсенов кітаптары
Жабайыл Бейсенов кітаптары

Халық ақынды «Жусанды дала жыршысы» деп атап кеткен. Білім беру саласының үздігі, Үржар ауданының құрметті азаматы атанған Жабайыл ақсақал әліде тың.

«Үржар аудандық орталық кітапханасында жерлесіміз, ақын, әйгілі «Ауылым» әнінің авторы, ұлағатты ұстаз Жабайыл Бейсеновтың 85 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті.  Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов құттықтап, сый-сияпатын тапсырды. Ардақты ақын ағамызға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Әкірамұлының құттықтау хаты табыс етілді. Аудандық орталық кітапхана ұжымы Жабайыл Бейсеновтың шығармашылығы бойынша ауқымды көрме өткізді. Кеш барша қазақ ауылының әнұраны болған «Ауылым» әнімен басталып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ақынның өлеңдерін оқыды. «Үржар вальсі» әні де шырқалды. Ақынның  «Күндер, күндер» және «Сағындым ауылымды» әндерінің тұсауы кесілді», – деді Үржар аудандық мәдениет үйінің директоры Жанат Аңдасова.

Автор: Әмірболат Құсайынұлы, ШҚО

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz

 


Поделиться: