Site icon Үржардағы #1 сайт – Urjar.kz, Үржар.КЗ

Фейсбукте «свежий» әкімдер жарысып жүр

Фейсбукте «свежий» әкімдер жарысып жүр

Фейсбукте «свежий» әкімдер жарысып жүр

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өңір, аудан әкімдеріне әлеуметтік желіден өз парақшаларын ашуды тапсырғаны Аякөз және Тарбағатай ауданының жаңадан тағайындалған әкімдері үшін таптырмас тамаша мүмкіндік болды. Іске кіріскендеріне бірер апта енді ғана болған қос әкім – Ділдәбек ОРАЗБАЕВ (Аякөз ауданының әкімі) пен Серікқазы СӘДУАҚАСОВ (Тарбағатай ауданының әкімі) «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы ел ішін аралап, кімді көріп, не тындырып жатқандарын күн сайын көрсетіп-ақ жатыр. Әрине, халыққа жақын болу үшін барған жердің жұртымен бетпе-бет кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, мәселесін шешу – қай әкімнің де басты міндеті. Дегенмен, бұл екі әкімнің «бұрыннан отырған» басқа басшылардан айырмашылығы да баршылық, өзара бәсекелестікке баруға себептері де жоқ емес.

Мәселен, Аякөз ауданына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі апарып, таныстырып отырғызған Ділдәбек Оразбаев бұған дейін Тарбағатай ауданының әкімі қызметін атқарған болатын. Обалы қане, Ділдәбек Тәжібайұлын тарбағатайлықтар ауданды басқарған алты жылға жуық уақыт ішінде аудан орталығы — Ақсуатты көркейтіп, ауылдардың экономикалық дамуын жөнге келтірген басшы ретінде қимай қоштасты. Ал Оразбаевтың алдында Аякөз ауданының әкімі болған Бақытжан БАЙАХМЕТОВТІ Даниал Ахметов өзінің орынбасары етіп «ертіп әкеткенін» («Ахметовтің жанына Байахметов жайғасты») «Жас алаш» тілшісі бұған дейін де жазған болатын. Сол тағайындауда жаңа әкімге Даниал Кенжетайұлы бұрынғы әкімнен «мұраға қалған» жылу қазандығын іске қосуды да тапсырып кеткені есімізде. Алайда, тек қазандық емес, Аякөзде қалған басқа да шашетектен шаруа барын Ділдәбек әкімнің дамыл көрмей шапқылауынан көрініп тұр.Ендігі қызықты Тарбағатай ауданына жаңадан тағайындалған Серікқазы Сәдуақасовтың Оразбаевтан кейінгі «эстафетаны» жалғастыруынан көруге болады. Бұрын Үржар ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Серікқазы Құсайынұлы негізінде халықпен де, БАҚ-пен де тіл табысуға епті, әлеуметтік мәселеге сергек қарайтын басшы. Бірақ, өз алдына дербес әкім болып «бөлек шыққаны» енді ғана. Содан болар өзінің алдындағы әкім (Д. Оразбаев) талай түйткілдің түйінін тарқатып кетсе де тыңнан түрен салуға білек сыбана кіріскен жайы бар. Бәрін тізбей-ақ Зайсан ауданынан 600 түп алма ағашын әкеліп Шыбынды ауылының топырағына егіп жатқан сәтіне тоқталайық. Өзі де алма өсетін ауданнан ауысып келген әкімнің бұл тұрғыдағы бастамасы құптарлық. Бірақ, оны халықтан бұрын кезінде өзі де осы ауданда әкім болған, одан бөлек Аякөз, Шемонаиха аудандарын және Семей, Алтай қалаларын басқарған Айбек КӘРІМОВТІҢ көріп қалып, пікір білдіргені қызық көрінеді.

«Батыл жоспарлар қабылдаңыз.Тарбағатай жерінде алманың бейімделген сорттары да, жүзім де, мәдени өсімдіктердің бәрі де өседі. Күннің қызуы жеткілікті. Су ресурстарының алғы шарттары жасалған. 2006-2008 жылдары ұсынылған Қандысу, Қарғыба,Базар, Тебіске су тоспалары жоспарлы түрде қаржыландырылды.
Егінжай шаруашылығын елдің дағдысына айналдыру қажет. Бұл проблеманы өзбек ағайындарды, не шымкенттен тумаларды көшіріп әкеліп қана шешуге болады деу дұрыс пікір емес. Қазіргі кезең Жалған жарнаманы қажетсінбейді» 
деп ақыл айтыпты Айбек Кәрімов (30.04.2019).Жанашырлықпен айтылған тілектестік шығар. Бірақ, мұндайда «кезінде өзі әкім болып тұрғанда қайда қалған?» деген ой да көлденеңдейтіні түсінікті. Әрі егінжайды шешу үшін «өзбек ағайындарды немесе шымкенттен тумаларды әкеліп қана шешуге болады деу дұрыс емес» деп Түркістан өңірінің тумасы Ділдәбек Оразбаевты іле кеткен пендешілігіне таңырқамасқа шараң жоқ. Кәрімовтің де кезінде Аякөз ауданын басқарғанын ескерсек, іштей осы әріптесіне деген қыжылы бары байқалғандай ма, қалай?..

Жалпы, С. Сәдуақасов қазір аудандағы 17 ауылдық округ, 60 елдімекенді аралау үстінде. Тіпті, бел жазып, кабинетіне келіп демалып отыруға мұршасы жоқтығын күнделікті парақшасына істерін жазып үлгеріп жатқанынан көруге болады.

«Бүгін (03.05.2019) Қабанбай және Тұғыл ауылдық округтерінде болып, округтердің тыныс-тіршілігімен таныстым. Қабанбай ауылдық округіндегі Шорға каналын тазалау, егістік жерлерді пайдалану, бруцеллез ауруын азайту туралы тапсырмалар беріп, алдағы уақытта аталған мәселелер біртіндеп орындалады. Ал Тұғыл ауылдық округінде де бруцеллез ауруын азайту, қоқыс төгетін полигон алаңын тазалау, жолдарды жөндеу мәселесі, көше жарықшамдарын орнату, Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің жылу жүйесін жөндеу, мәдениет ошағына жөндеу жұмыстарын жүргізу және өнер мектебін ашу туралы ұсыныстар түсіп, оларға нақты жауаптар қайтарылды» дейді жаңа әкім кейінгі кездесуі жайлы. Сәдуақасовтың ары қарайғы істеріне сәттілік тілеп, оған Тарбағатайды «тастап», Аякөзге бет бұрып кеткен Ділдәбек Оразбаевқа ойысайық.

«Құдайым бізге сіздей әкім берді…»

Жыр етіп Ділдәбектей ақылды ерді,
Буайын тәуекелге батыл белді.
Ассалаумағалейкүм, әкім аға,
Алдыңа арнау айтып ақын келді.
Тарбағатай халқынан алғыс алған,
Құдайым бізге сіздей әкім берді.

,-деп өлеңдетіпті аякөздік айтыс ақыны Қазбек БАЙЖҰМАНОВ жаңа әкімге қаратып. Ауылдарға әлі ұзап шыға қоймаған Д. Оразбаев өзіне ода жазған ақынның жырын оқып үлгермеген шығар. Өйткені, ауылдарын айтпағанда әлеуметтік мәселесі бірінен-бірі өтетін Аякөздің өз басындағы проблема жетерлік. Соның бірі — қаланы жарықтандыру жайы. Оразбаевтың тоғыз жолдың торабындағы қала статусы бар аудан орталығын аралағанда алдынан шыққаны да осы проблема болса керек.

 «Кеше (29.04.2019) қаланың түнгі көрінісін бақыладым. Әсіресе, кешкі уақытта жарықтандыру мәселесі мені ерекше толғандырады. Қалаға келген қонақтарға алдымен қаланың кіреберісі бірінші көзге ілінеді деп ойлаймын. Сондықтан темір жол бекеті, автокөлікпен қалаға кірер тұстарын да көріп қайттым. Бұл жерде де қолға алатын шаруалар бар. Сол себепті орынбасарларым мен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар бердім. Тағы бір айта кететін мәселе, биыл қала ішінде жүруге келмейтін көшелерге мүмкіндігінше қиыршық тасты құм төгіп, тегістеу жұмыстарын жүргізбекпіз»дейді «свежий» әкім «Фейсбуктегі» парақшасында.

Әкімнің осылай деуі мұң екен, тұрғындар да жарықтың да, басқасының да зарықтырғанын тізбелей жөнеліпті. Кезек беріп көрейік:

Асель Абуталип: Кудерина көшесі (Күдерин болса керек-авт) қараңғы. Тортайдың бұрылысындағы көшені жарықтандыруыңызды сұраймыз.

Марат Ахметов: Әкім мырза, жұмысыңыз берекелі болсын. Дұрыс бастама деп ойлаймын. Көңілдеріңізді теміржолдың арғы бетіне (За линий) бөлсеңіздер жаксы болар еді, таулы аймақ қараңғы. Иттер бар мектептен бала- шага қайтқанда қоркады.

Дәулет Қасқатаев:  Өзіңізбен бірге Тарбағатай ауданында қызмет атқардым, әр еңбегіңіз менің көз алдымда. Сол сияқты жасаған игі істеріңізді Аягөз қаласын, қала деген атына сай дәрежеде көтерсеңіз, көркейтсеңіз екен деймін. Аягөз қала болғанымен, тұрғындар, жастар жаз мезгілінде қыдырып аралап, баратын жері жоқ…

Р. С.  Мұндай ұсыныстар, тілек, шағымдар алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз. Біз соның біразына ғана тоқталдық. Айтпақшы, Аякөз ауданына іссапармен шыққанымызда аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қаланы аралап жүрген сәтіне кездейсоқ куә болып қалдық. Әскерилер қалашығындағы мектеп пен бала-бақшаға барған беті екен. Қауырт жұмысына қарамастан «Жас алаштың» журналисімен кездесуге ниет білдіргені қуантты. Өйткені, көп ауданға жол түскенде мемлекеттік БАҚ-тың тілшілермен ғана тілдесіп үйренген шенеуніктер тәуелсіз журналист көрсе, орынбасарына, не бөлім басшыларына сілтеп тұра қашатынына етіміз үйреніп қалған болатын. 

-Мәселені қанша жасырып-жапсаң да жарияға шығып жатады. БАҚ өкілдеріне қай әкім болсын, ашық болуы керек деп ойлаймын. Қандай журналист жазса да мәселе көтергеннен кейін, оны шешуге назар аударғанымыз жөн. Қазір Аякөз қаласының бірқатар нысандарында болдым, шешімін күткен жағдайлар жетерлік. Менің жұмыс стилім сол – қашан да халықтың ортасынан табылу. Жергілікті басшылардың мәліметіне емес, тұрғындардың әрқайсының ұсыныс, тілек, шағымдарына құлақ түру,-дейді Д. Оразбаев тілдескен сәтімізде.

Атқа қонғандарына бір аптадан енді ғана асқан қос әкімнің аз уақыт ішінде әлеуметтік желі де өздерін көрсетіп үлгерген істерінің ұзын-ырғасы осындай. Жаңа әкімдер қайда тағайындалса да байқалғаны -бұрынғы әріптесі енгізіп кеткен «соқпақпен» жүруге тырыспайтыны. Әрине, бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, әкімдердің де жұмыс стилі әртүрлі болуы заңдылық. Ең бастысы халықтың күнтәртібіндегі әлеуметтік мәселелерін шешуге жараса болғаны. Айтарымыз- осы ғана.

Авторы: Сәтжан Қасымжанұлы

Дереккөз: zhasalash.kz

Exit mobile version