Site icon Үржардағы #1 сайт – Urjar.kz, Үржар.КЗ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

Президент Казахстана

 

Құрметті отандастар!

Елімізде лаңкестікке қарсы операция жалғасуда. Полиция, ұлттық ұлан және армиямыздың күшімен Конституцияға сәйкес заңдылық пен тәртіп орнату мақсатында ауқымды әрі күрделі жұмыс атқарылып жатыр.

Кеше Алматы, Ақтөбе қалалары мен Алматы облысындағы жағдай қалпына келтірілді. Енгізілген төтенше жағдай режимі өз нәтижесін берді. Бүкіл еліміз бойынша конституциялық заңдылық орнатылды.

Бірақ террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда.

Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім.

Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп,  проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?

Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады.

Күштік құрылымдар бұл міндетті моральдық және техникалық тұрғыдан орындауға дайын.

Өздеріңізге мәлім, ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес Қазақстан конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады.

Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келді.

ҰҚШҰ-ға төрағалық етіп отырған Арменияның Премьер-министріне, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан президенттеріне шынайы алғыс айтамын.

Ресей Президенті Владимир Путинге ерекше ризашылық білдіремін. Ол менің үндеуіме  жедел, ең бастысы, жолдастық ниетпен үн қатты.

Сонымен қатар Қытай Төрағасына, Өзбекстан, Түркия президенттеріне, БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын.

Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы  мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсетті.

Демократия дегеніміз – жүгенсіздік емес, әсіресе блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сөйлеген сөзімде заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екенін айттым.

Бұл тек Қазақстанға ғана емес, барлық өркениетті мемлекетке тән. Бұл азаматтардың бостандығы мен адам құқығын шектеу деген сөз емес. Керісінше, Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті.

Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді.

Сондай-ақ  жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді.

Қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.

Естеріңізде болса, 2020 жылдың мамыр айында менің ұсынысыммен азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды.

Бұл заң, шын мәнінде, елімізде демократияны ілгерілету бағытында жасалған маңызды қадам. Өйткені құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір «құқық қорғаушылар» мен «белсенділер» өздерін заңнан жоғары қояды.

Осындай шолақ белсенділердің жауапсыз әрекеттерінің кесірінен полиция қызметкерлері өздерінің негізгі құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды. Оларға көбінесе зорлық-зомбылық көрсетіп, тіл тигізеді.

Осындай «белсенділердің» кесірінен интернет бұғатталады. Нәтижесінде миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегеді.

Яғни, ішкі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа орасан зор зиянын тигізеді.

Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады.

Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез-келген түріне қатаң шара қолданамыз.

Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек.

Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін.

Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар.

Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп.

Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек.

Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады.

Барлық облыста әскери, әкімшілік және әлеуметтік нысандарға ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасау әрекеті олардың нақты жоспарының болғанын көрсетті.

Содырлардан бөлек, идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен «фейктер» таратуды шебер меңгерген және адамдардың көңіл-күйіне ықпал ете алатын мамандар жұмыс істеген.

Оларды дайындаумен және басқарумен біртұтас командалық пункт айналысқанға ұқсайды. Бұл мәселемен ҰҚК мен Бас прокуратура айналысып жатыр.

Енді жақсы жаңалықтар туралы.

Жағдайдың тұрақталғанына қарай еліміздің кейбір өңірлерінде интернет-байланысты белгілі бір уақыттарда қосу туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім азаматтарымыздың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететініне сенімдімін.

Алайда, интернетке еркіндік берілгенімен ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін.

Ондай материалдар шықса, олардың авторларын тауып жауапкершілікке тарту шараларын қабылдаймыз.

Лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр. Содырлар әлі де қаруларын тастаған жоқ, қылмыстарын жалғастыруда немесе соған дайындық жүргізуде. Олармен соңына дейін күресу керек. Берілмегендерді жоямыз.

Болашақта басымыздан өткерген қайғылы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Бұның әлеуметтік-экономикалық ауыртпалығы да бар.

Үкімет менің 11 қаңтарда Мәжілісте айтатын сөзіме қатысты нақты шешімдер қабылдауы керек.

Ал әзірге айтарым, қадірлі отандастарым, мен сіздерді мақтан тұтамын.

Осы күндері сабыр сақтап, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салған Қазақстан азаматтарына алғыс білдіремін.

Арандату мен деструктивті ұрандарға қарамастан заңға және өз елдеріңізге деген адалдықты сақтап қалдыңыздар.

Ірі қалалардағы студенттерге, еңбек ұжымдарының мүшелеріне, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының жұмысшыларына азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс айтамын.

Наразылықтың бейбіт тәртібін сақтағаны үшін өңір тұрғындарына ризашылығымды білдіремін.

Бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрін ескереміз. Диалогтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.

Сондықтан жағдай тұрақталған өңірлерде біртіндеп төтенше жағдай режимін аламыз.

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі.

Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын.

Баршаңызға зор денсаулық, құт-береке тілеймін.

Тек қана аманшылықта кездесе берейік!

Exit mobile version